Бұл туралы аймақ басшысы Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен селекторлық режимде өткен мәжілісте айтылды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайға байланысты наурыздың 23-де өткен мемлекеттік комиссияның отырысында Жұмыспен қамтудың жол картасын жүзеге асыру үшін 1 триллион теңге қаржы бөлуді тапсырған болған. Оның ішінде Ақмола облысына 45 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұл бірінші кезекте елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту арқылы халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселесін шешуге бағытталып қана қойып отырған жоқ. Ең бірінші пандемия кезінде жұмыссыз қалған облыстың көптеген тұрғындарын жұмыспен қамту мәселесін шешу», - деп атап өтті Ермек Маржықпаев.
Ақмола облысының жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанованың айтуынша, Жол картасы шеңберінде жүзеге асырылатын жобалардың арасында әлеуметтік-мәдени, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, инженерлі-көліктік инфорқұрылым нысандарының құрылысы, жөндеу, сондай–ақ, елді мекендерді абаттандыру жобалары бар.
Бұл жобалардың 194-і әлеуметтік саланың үлесінде, Сонымен қатар, жұмыс істеп тұрған нысандарды жөндеуден бөлек, жаңа 13 нысан салу жоспарланған. Оның ішінде 8 нысан білім беру саласы, 2-уі денсаулық сақтау және 1-уі мәдениет саласында.
Жұмыспен қамтудың жол картасын жүзеге асыру барысында аудандар мен қалаларда барлығы 11 252 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның 5 626 халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы.
Жиын соңында аймақ басшысы аудан және қала әкімдеріне алға қойылған міндеттерді жедел шешіп, бөлінге қаржыны тиімді пайдалануды тапсырды.
«Жобаларды жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы бірқатар мәселені шешуге ықпал етеді», - деп қорытындылады Ермек Маржықпаев.