Ақмола облысында 50 мың теңге пара алған əкімдік қызметкері ірі көлемде айыппұл төлейтін болды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында 50 мың теңге пара алған ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметкері ірі көлемде айыппұл төлейтін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


"Жарқайың аудандық соты пара алғаны үшін айыпталған азамат Н-ға қатысты қылмыстық іс қарады.
Сот анықтағандай, аудан тұрғыны Жарқайың аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманына тракторды басқару құқығына куәлік алу тәртібін түсіндіру жөнінде өтінішпен жүгінген. Бас маман өтініш білдірген азаматқа ауыл шаруашылығы техникасын басқару құқығын алу үшін емтихан тапсыруына көмегін ұсынып, бұл көмек үшін 50 000 теңге сомасындағы материалдық сыйақы талап етті. Бас маман бастапқы сомасын алу кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің қызметкерлерімен ұсталынды", делінген хабарламада.

Сот үкімімен Жарқайың аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы ҚР ҚК 366-бабының 2-бөлімі бойынша (пара алу) қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған, қылмыстық жолмен алынған мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның алпыс еселенген мөлшерінде 3 000 000 (үш миллион) теңге айыппұл салу түрінде жаза тағайындалды.