Шараға Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин, ҚР ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов, ҚР Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов, Айгүл Соловьева және Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды және Ақмола облыстары әкімдерінің орынбасарлары, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдар мен кенттердің, ауылдық округтердің әкімдері қатысты.
Форумда аймақ басшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту -Қазақстан дамуының басты бағыты» Жолдауында жергілікті жерлердегі мәселелерді шешуде тұрғындарды тарту мақсатында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту бағытында қойылған міндеттердің өңірде жүзеге асырылу барысына тоқталды.
«Алдағы жылдан бастап Ақмола облысында 2 мыңнан астам тұрғыны бар 69 елді мекенде дербес бюджет енгізілетін болады. Ал, 2020 жылдан бастап, 177 әкімшілік бірлікте (барлығы 246) жоспарланған.
Біздің облыс өзін-өзі басқару заңының әзірленуіне белсенді атсалысты. Дербес бюджетке көшу бағытында өңірлерді дайындау бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Әкімдіктердің аппараттары жоғары жылдамдықты интернетпен толық қамтамасыз етілді. Ауыл әкімдіктерін компьютерлермен қатамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде», - деді М.Мырзалин.
Сонымен қатар аймақ басшысы салық төлеу базасын нақтылау бойынша мемлекеттік мәліметтер базасы қайта қаралып, нақтыланып жатқанын атап өтті.
«Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының кадрлық құрамының сапасын арттыру мақсатында ауылдық округ әкімдері, аппарат қызметкерлерінің бюджетті жоспарлау және бюжет шығысы, салық төлеу, мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша біліктілігін көтеру жұмыстары жүргізілді. Коммуналдық меншік және дербес бюджетті енгізу бойынша ақпарттық-түсіндіру топтары оқу семинарларын өткізді.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің «Зерде» оқыту орталығымен бірлесіп, ауыл әкімдері үшін Астана және Көкшетау қалаларында арнайы оқу семинарлары ұйымдастырылды. Мемлекеттік қызметшілерді оқытудың өңірлік орталығында 2 мыңнан астам ауылдық округ әкімдері мен мамандары және 160 жуық аудандық экономика және қаржы бөлімдерінің қызметкерлері оқытылды», - деді аймақ басшысы.