Ұлт пен ұрпақтың бесігін тербетіп, тәрбиесін түзеген, тіліміз бен ділімізді санамызға сіңірген Ана деген құрметті атқа ие ардақты жандарға арналған салтанатты жиын облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің құттықтауымен басталды. Әр салада еңбек ететін ер азаматтардың әйелдер қауымына жолдаған бейнеқұттықтауы да мерекенің шырайын аша түсті.
«Ақмола облысы өзінің бірегей табиғатымен, көрікті жерлерімен қатар парасатты, еңбекқор, сұлу қыздарымен танымал. Олар өздерінің ерен еңбектерімен өңірдің дамуына және өркендеуіне зор үлес қосуда. Бүгін, осы залда еңбек ардагерлері, көп балалы аналар, сондай-ақ құрылыс, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы, бизнес саласы, көлік пен байланыс, білім беру мен ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, үкіметтік емес салаларда көзге түсіп жүрген әйелдер қатысып отыр. «Әлемдегі әсемдік пен сұлулық әйел көркі мен ана мейірімінен нәр алған» деген даналық сөз бар. Расында, адамзат өмірінің іргетасы әйелдің қолымен қаланады. Әйел қашан да тіршіліктің шырайы, отбасының шырағы. Сондықтан да, асыл аналарымыз бен қарындастарымыздың орны ерекше», - дей келе, облыс әкімі Мәлік Мырзалин барша әйелдер қауымын төл мерекелерімен шын жүректен құттықтап, ізгі тілегін арнады.
Қазір өңірде 7 мыңнан астам көп балалы ана тұрып жатыр. Олардың 2,5 мыңнан астамы «Алтын алқа», 3,7 мыңнан астамы «Күміс алқа» иегерлері. Салтанатты жиын барысында аймақ басшысы Көкшетау қаласының тұрғыны Тазагүл Жәдігероваға «Алтын алқа», Зеренді ауданының тұрғыны Сұлушаш Дажинге «Күміс Алқа» медалін тапсырды. Сонымен қатар, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері үшін әр салада қызмет істейтін бір топ қыз-келіншектер Алғыс хатпен марапатталды.
Облыста ер адамдармен қатар, саяси-қоғамдық іс-шараларға белсене араласып, еліміздің дамуы үшін аянбай тер төгіп жүрген нәзік жанды арулардың саны арта түсуде. Мәселен, түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарының 70-тен астамы әйел. Сонымен қатар, бір облыс әкімінің орынбасары, бір аудан әкімі әйел және мемлекеттік қызметшілердің арасында басшылық лауазымында 20-дан астам ару абыроймен қызмет атқарып келеді. Сондай-ақ, облыстағы шағын және орта бизнестің алпыс пайызын әйелдер қауымы құрап отыр. Шұғылалы көктемнің осы бір алғашқы мейрамында сахна төрінен шырқалған ән де, нәзік жандыларға ұсынылған гүлдер де, ізгі ниетті жылы лебіздер де әйел бейнесін, оның көркемдігі мен әсемдігін әспеттей түсті.
Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты.