Ақмола облысында 7 сотталушы рақымшылықтан бас тартуда

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында 7 сотталушы рақымшылықтан бас тартуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті басшысының орынбасары Серік Бұланов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Оның айтуынша, рақымшылыққа жеңіл дәрежедегі қылмыс жасағандар мен кәмелеттік жасқа толмағандар, жас мөлшері 60-тан асқан ерлер мен әйелдер және мүгедектер ілігеді. Ал аса ауыр қылмыс жасағандар мен бұрын рақымшылық заңының мүмкіндігін пайдаланғандарда мерзімінен бұрын бостандыққа шығу немесе жаза мерзімін шегеру мүмкіндігі жоқ көрінеді. Тек, ауыр қылмыс жасағандардың жазасының мерзімі ғана қысқартылуы мүмкін.

«Облыс аумағындағы 7 түзеу мекемесінде үш мыңнан астам адам жазасын өтеп жатыр. Рақымшылық заңына байланысты 228 адамның мерзімінен бұрын босатылуға немесе жаза мерзімін қысқартуға мүмкіндігі бар екен. Оған қоса, шартты түрде сотталып, оқшауланбай тіркеуде тұрғандардың арасында 733 адам рақымшылыққа ілінбек. Қазіргі күні департамент рақымшылыққа жататын 179 сотталушының істерін сотқа жіберген. Алайда, 7 сотталушы мерзімінен бұрын бостандыққа шығу мүмкіндігін пайдалану үшін арыз бермеген», - деп түсіндірді Серік Бұланов.