Ақмола облысында 70 мың адам тұмауға қарсы екпе алды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында тұмауға қарсы екпе салу жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне сілтеме жасап.

«Ақмола облысында 70 768 адам тұмауға қарсы екпе алды. Бұл - екпе салу жоспарланған адамдардың 97 пайызы. Санаттарға бөлетін болсақ, 655 жүкті әйел, 7 405 медициналық қызметкер, 4 060 медициналық бақылауға алынған бала, үш жасқа дейінгі 211 бала, 330 ата-анасыз жетім, 1 273 медициналық-әлеуметтік көмек алушы, жүрек-қантамыр ауруымен ауыратын 21 585 науқас, эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша 35 249 адам бар», - дейді облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина.

Айта кетсек, қыркүйектің 15-інде Ақмола облысында тұмауға қарсы вакцинация жұмыстары басталған болатын. Облыс аумағында екпе егетін 293 ем-шара кабинеті анықталып отыр. «Қауіпті» топтағы тұлғаларға екпе егу үшін тегін 82 048 вакцина қарастырылған. Осы бағытта жергілікті бюджет есебінен 13 миллион 962 мың теңгеге 16,1 мың ресейлік «Гриппол плюс» вакцинасы сатып алынды. Бұл вакцина биылғы эпидемологиялық маусымда байқалады деп болжанып отырған тұмаудың А және В түрлеріне қарсы егіліп жатыр.