Ақмола облысында 8 мың гектар жер телімі мемлекетке қайтарылды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Жақсы ауданының прокуратурасы жер заңнамасының сақталуына талдау жүргізіп, жергілікті фермерлердің ауыл шаруашылығы алқаптарын пайдаланбау деректерін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысы прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, талдау қорытындылары бойынша аудан әкімдігіне Ақмола облысы бойынша жер ресурстарын басқару департаментіне заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныстар енгізілді.

«Прокуратура актілері бойынша уәкілетті және жергілікті атқарушы органдар қажетті шараларды қабылдады және осы жылы мемлекетке ауданы 8 мың га, кадастрлық құны 58 млн теңгеден асатын жайылым қайтарылды. Ол ұзақ уақыт бойы тікелей нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмады», - деді ведомстводан.

Прокуратураның баспасөз қызметінен атап өткендей, пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы алқаптарын қайтару жұмыстары жалғасып жатыр.

«Аудан прокуратурасының шаралары бойынша уәкілетті орган 4 жер пайдаланушыға жалпы ауданы 5 861 га жер учаскелеріне заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама табыс етті. Жер пайдаланушылар заң бұзушылықтарды жоймаған жағдайда, учаскелер мәжбүрлеп алып қойылады», - деп толықтырды ведомстводан.

Айта кетсек, бұдан бұрын мемлекетке жалпы құны 1,6 млрд теңге болатын орман учаскесі қайтарылғанын жазған едік.