«Көкшетау» мәдениет үйінде ұйымдастырылған салтанатты шарада аймақ басшысы Ермек Маржықпаев өзінің құттықтау сөзінде елімізде отбасы институтын қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінетінін, ана мен баланы әлеуметтік қорғау шаралары халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталғанын, сондай-ақ, көпбалалы аналарға жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетілетінін атап өтті.
«Халықаралық әйелдер күні қарсаңында, ең шынайы және жүрекжарды құттықтауларды қабыл алыңыздар. Бұл көктем күні әрқашан гүлдер мен сыйлықтарға толы, қуанышпен, күннің жайма шуақ нұрымен жарқырайды. Қазақстандық әйелдердің жасампаз үлесінсіз еліміздің тарихын, дамуын елестету мүмкін емес. Нәзік жанды аруларымыз адал еңбектерімен аймақтың дамуына лайықты үлес қосып келеді. Балаларды тәрбиелеумен айналысып қана қоймай, ерлермен қатар ошақтың қамқоршысы болып, әртүрлі салаларда кәсіби биіктерге жете білетін ханымдарға құрметіміз ерекше. Сіздерге шын жүректен денсаулық, ұзақ өмір және сарқылмас қуат тілеймін», – деп атап өтті Ермек Маржықпаев.
Салтанатты шарада 7 баланың аналары – Виолетта Әлиева, Гүлдана Әміржанова, Құралай Жұмабекова, Лейла Қожахметова «Алтын алқамен», 6 бала тәрбиелеп отырған аналар – Мәнсия Бәжікенова, Роза Искаренова, Сайран Күлшікова, Александра Маевская, Вера Шауберт «Күміс алқамен» марапатталды.
Сондай-ақ, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген өзге де нәзік жандарға құрмет көрсетілді.
Мерекелік кеш соңы әсем ән мен күмбірлеген күйден шашу шашылған концерттік бағдарламаға ұласты.
Айта кетсек, Ақмола облысында 58 медициналық нысан мен мектеп салынады.