Ақмола облысында 9 көлік соқтығысқан ірі жол апаты орын алды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Шортанды ауданында 9 көлік соқтығысқан ірі жол апаты орын алды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне «Қазавтожол» РМК-ның диспетчері хабарлады.

Жол-көлік оқиғасы 31 қаңтар күні кешкі уақыт 20:00 минут шамасында Шортанды ауданы аумағында «Астана-Петропавл» тас жолының 25 шақырымында орын алған.

Астанадан шыққан «Ниссан Максима» көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай алдында келе жатқан «ДАФ» жүк көлігіне соғылған. Жүк көлігі теңселіп барып, жол шетіндегі қоршауға соғылған. Осының салдарынан арта қатты жылдамдықпен келе жатқан «Тойота Камри» «Шкода Актавия», «Киа Серато», «Митсубиси Аутландер» және «Ауди» көліктері тоқтай алмай бір-біріне соғылды.

Кейін арада 45 минут өткеннен соң осы бағытта келе жатқан «Джели Эмгранд» көлігі жол апаты орын алған жерде тоқтамақ болып, оны артында келе жатқан «Ниссан Премьера» көлігі соқты. Нәтижесінде соңғы «Ниссан Премьера» көлігінің жүргізушісі мен жолаушылары түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Ал, жол апатына себепкер «Ниссан Максима» көлігінің жүргізушісі оқиға орнынан ізін суытқан. Қазіргі кезде, кінәлі жүргізуші іздестірілуде», деп көрсетілген хабарламада.