Ақмола облысында Абай клубы ашылды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында халқымыздың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған шаралар жалғасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Көкшетау қаласына қарасты №3 Краснояр көпбейінді мектеп-гимназиясында «Абай-дана, Абай-дара қазақта!» клубы ашылды.

Клубтың ашылуы рәсіміне қала әкімдігі мен қалалық білім бөлімі, жоғары оқу орындарының өкілдері, мектеп директорлары мен «Абайтану» курсының оқытушылары қатысты.

«Ұлы Абайдың мерейтойына байланысты мектебімізде клуб аштық. Ондағы басты мақсат – оқушыларға қазақ әдебиетінің классигі Абайды таныту, оның шығармашылығы мен рухани мұрасы және даналығын насихаттау. Қазіргі кезде клубтың жылдық жұмыс жоспарын жасап қойдық. Алдағы уақытта сол бойынша жұмыс істейтін болам ыз», – дейді мектеп-гимназиясының директоры Гүлзат Бақтыбаева.

Айта кетсек, Ақмола облысында 150 ден астам көше мен елді - мекенге Абайдың есімі берілді. Сонымен бірге, Көкшетаудағы қазақ тілінде оқытылатын дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған №3 мектеп - интернаты Абай есімімен аталатын болды.