Ақмола облысында әдеп кодексінің нормаларын бұзған басқарма басшысы қызметінен кетеді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Берген Беспалиновтің төрағалығымен өткен отырыста мемлекеттік қызметке кір келтірген бірқатар басқармалар мен қызметшілердің тәртібі қаралды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Жыл басынан бері бірінші рет өткізіліп отырған Әдеп кеңесінің отырысында күн тәртібіне сай жоғарыда аталған департаменттің  қызметшісі Ербаян Сүлейменовтің облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасында жоспарлы өткізілген тексерістің нәтижесінде анықталған олқылықтар, заң бұзушылықтар туралы баяндамасы тыңдалды. Баяндама барысында басқармаға мамандардың тұрақтамауы, қызметшілердің жұмыстан өз еріктерімен босатылуы жөнінде арыз жазып, басқа қызметтерге ауысулары жиі орын алғаны айтылды. Былтырғы 2016 жылдың ішінде 16 адам жұмыстан өз еркімен шығып, тексеріс жүргізу уақытында 33 орын бос тұрған. Яғни, штаттағы 37 адамның 32-і түрлі себептермен өз еріктері бойынша басқа мекемелерге ауысып кетіпті. Басқармада сонымен қатар, айыппұл өндірудің уақыты дұрыс жолға қойылмаған, тиісті құжаттар талапқа сай орындалмаған. Өткен жылы 3 адам қызмет барысында әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Басқарма басшысы Дина Ахметжанова тексерісте анықталған олқылықтар мен кемшіліктердің орын алғандығымен толық келісіп, мекеме құжаттарындағы сәйкеспеушіліктер бұрынғы басшыдан қалған мұра екендігін айтып ақталды. Ал, ұжым мүшелерінің тұрақтамауы еңбекақының төмендігінен болып отырған мәселе екендігін уәж етті.

«Жастар еңбекақысы жақсы, тұрақты жұмыс тапқанша аталмыш басқармада істеп, кейін кетіп қалады», - деді Д.Ахметжанова.

Бұл ретте, кеңес мүшелері басқармаға жұмысқа орналасуға келген үміткерлерді мемлекеттік қызметке қабылдау бойынша әңгімелесу кезеңіне шақырғанда, сұхбаттасу барысында олармен жұмыс істеп, мақсаттарын анықтап алулары қажеттігін ескертті. Кеңес мүшелері басқарма басшысына осы мәселені ерекше ескертіп, жұмысты тиімді және тиісті деңгейде ұйымдастыруды тапсырды.

Бұдан әрі мемлекеттік қызметке кір келтіріп, тәртіптік теріс қылық жасаған және Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің нормаларын бұзған мемлекеттік қызметшілердің тәртібі қаралды. Бұл орайда, Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Әубәкіровтің мемлекет қаржысын мақсатсыз жұмсауы туралы мәселе көтерілді. Ол орындалған жұмыстарды қабылдау жөнінде шешім әзірлеу кезінде «Нұр және Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне заңсыз, жұмыс толық орындалмай тұрып, қомақты көлемдегі миллиондаған қаржыны ерте аударған. Соның нәтижесінде ол аталған серіктестікке Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген көмек көрсеткен. Кеңес барысында ол барынша ақталып бақты. Прокуратура қызметкерлерінің тексерісі кезінде денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыздық бюллетенінде болғанын жеткізді. Сондай-ақ, ол прокуратура қызметкерлері мен тиісті органдардың басқармада жүргізген жоспарлы мемлекеттік тексерісінен кейін шығарылған анықтамалар оның қолына тимегендігін, тексеру актісі шығарылған соң, елді мекендерде жүзеге асырылып жатқан жобалардың құрылысы тоқтап қалғандығын айтып, тиісті орындарға кінә тақты.

Прокуратура қызметкерлерінің мәлімдеуінше, ол мемлекеттің қомақты қаражатын уақытынан бұрын аударып, тиісті құжаттарды сот іс қозғалған кезде ғана жасаған. Кеңес мүшелері жоғары лауазымды мемлекеттік қызметші Руслан Әубәкіровтің осындай кемшіліктер мен олқылықтарға жол бергені үшін қызметіне толық сай емес деп шешім шығарды.

Бұдан соң кеңес мүшелері Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департамент басшысы Құлмахан Бегиловке қатысты тәртіптік істі қарады. Ол Еңбекшілдер ауданындағы «Семізбай Ү» кәсіпорнын тексеру кезінде Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің талаптарын бұзыпты. Жоспарлы тексеріс жүргізуге комиссия атынан бір өзі ғана барыпты. Кәсіпорынның тыныс-тіршілігін, қауіпсіздік ережелерін сақтауы жөніндегі жағдайларды тексеруі кезінде жұмысшыларға бейпіл сөздер айтып, ар-намыстарын таптаған. Тексеріс кезінде осындай сөздерге шыдай алмаған бір қызметкердің қан қысымы көтеріліп, құлаған. Отырыс кезінде ол барынша ақталуға тырысты, арнайы құжаттарды да дайындап ала келіпті. Дегенмен, кеңес мүшелері арызданушылар мен департамент басшысын тыңдай келе тиісті шешім шығарды. Құлмахан Бегиловке ескерту жарияланды.