Ақмола облысында «Ақ бидай» 30-шы жазғы спартакиада ойындары басталды
Жарысқа қатысушыларды құттықтаған аймақ басшысы Мәлік Мырзалин жастар арасында бұқаралық спортты насихаттап, салауатты өмір салтын ұстану Елбасы саясатының басты бағыттары екенін атап өтті.
«Бізде денешынықтыру және спортты насихаттауға зор көңіл бөлінуде. Салауатты өмір салтын ұстану бағытындағы мемлекеттік жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Облыста жыл сайын қазіргі заманғы спорттық нысандар пайдалануға берілуде. Соңғы екі жыл ішінде спорттық нысандардың саны 100-ге артты», - деп атап өткен облыс әкімі спортшыларға жеңіске жетулеріне тілектестігін білдірді.
Еске сала кетейік, жарысқа облыстың әр өңірінен келген командалар футбол, волейбол, шахмат, дойбы, үстел теннисі, жеңіл атлетика, отбасылық старттар тәрізді спорттың 7 түрі бойынша бақ сынайтын болады.
Спартакиаданың ашылу салтанаты Державинск қаласындағы 100 миллион теңгеге күрделі жөндеу жүргізілген «Жастар» стадионында өтті. Жарыс тамыздың 26-на дейін жалғасады. Жеңімпаздар республикалық спартакиадаға жолдама алады.