Ақмола облысында «Ақмола жастары» бағдарламасы іске асырылады

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында «Ақмола жастары» бағдарламасы басталады. Бұл туралы облыстық Ішкі саясат басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарманың мәліметі бойынша, Ақмола облысы тұрғындарының 150 мыңы немесе 20 пайызы - жастар. Жастарды жұмыспен қамту және жұмыссыздық мәселесін шешу бағытында «Дипломмен ауылға!», «Жастар тәжірибесі», «Жасыл ел» бағдарламалары өңірде сәтті жүзеге асырылуда. Жылдан-жылға жаңадан ісін бастаған жас кәсіпкерлерге несие беру көлемі артып келеді. Талантты студенттерге Ақмола облысы әкімінің атаулы шәкіртақысы мен білім степендиялары берілуде.

«Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп белгіледі. Бұл, Ақмола облысында жастарды қолдау бағытындағы тың жобалар мен идеяларды жүзеге асыруға серпін беретіні сөзсіз», - деді Ішкі саясат басқармасынан.

Атап өтілгендей, биыл «Ақмола жастары» бағдарламасы бастау алады. Аталмыш бағдарлама шеңберінде 424 жас отбасыға арналған 6 үй салынады. Бес қабатты 4 және екі қабатты 2 тұрғын үйдің құрылысы ағымдағы жылы басталады. Пәтерлерге жасы 35-тен аспаған, Ақмола облысы аумағында тұрып, жұмыс істейтін жастар үміткер бола алады.

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы берілетін қарыз ақшаның ең жоғары көлемі 10 миллион теңгеден аспайды. Бағдарламаның тиімді тұсы қарыз ақша бойынша сыйақы - 20 пайыз. Егер үміткердің «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» арнайы есеп-шотында 3 жылдық жинағы болса, онда қарыз ақшаның пайыздық мөлшерлемесі 5 пайыз, егер болмаса, несие бойынша пайыздық мөлшерлеме 7 пайыз болады.