Ақмола облысында алаяқтық жасады деп негізсіз айыпталған екі адам ақталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысы Целиноград аудандық сотында сотқа дейінгі тергеу органдарымен алаяқтық жасады деп айыпталған Даурен Нұржанов және Дияс Жаманқұлов ақталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Жоғарғы сотына сілтеме жасап.

Ұсталғандар өзара сөз байласып зардап шегуші А-ны жаңылыстырып оның тұрғын үй құрылысына арналған қаражатын иемденді деп айыпталған.
«Сот анықтағандай, «ҚазТепло Газ» ЖШС-нің басшылары Нұржанов, Жаманқұлов және зардап шегуші А-ның арасында автономды газбен қамтамасыз ету бойынша құрылғыны орнату, құрастыру және тұрғын үй құрылысына байланысты екі шарт бекітілген. Арыз беруші бірінші шарт бойынша 2,7 млн теңге төлемін төлеп, екінші және үшінші төлемдерді төлемеген. ЖШС-ге шартты өзгерту және бұзу туралы жазбаша жүгінбеген.
ЖШС мен зардап шегушінің арасындағы шарт өз еркімен бекітілген. ЖШС-нің тарапынан шарттағы қажетті және талап етілген барлық шарттар орындалған. А-дан алынған қаражат ЖШС-мен ішінара игерілген шартта келісілген талаптарға сәйкес жұмыс орындалған», - делінген Жоғарғы соттың ресми сайтында.

ЖШС-нің зардап шегуші А-ға орындауға міндетті жұмыстарды орындауға қаржылық және материалдық мүмкіндігі, нақты айтқанда шартты іске асыруға барлық жағдайы болған. Арыз беруші аталған аралықта шарт соммасынан 30 пайыздан төмен құрайтын соманы төлеген. Зардап шегуші мен ЖШС-нің арасында екі шартты тиісінше орындамау бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтын азаматтық-құқықтық қатынастар болған.

«Сот үкімімен Нұржанов және Жаманқұлов 177-бабының 4-бөлігі «б»-тармақшасы бойынша кінәсіз деп танылып, олардың іс-әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты ақталды. Ақталғандарға қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тартылғаны үшін келтірілген зиянды өтеу құқығы берілді. Ақмола облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы прокурордың апелляциялық өтінішхаты, зардап шегуші мен оның адвокатының апелляциялық шағымы бойынша аталған қылмыстық істі қарады. Облыстық сот алқасының қаулысымен Нұржанов пен Жаманқұловқа қатысты Целиноград аудандық сотының үкімі өзгеріссіз, прокурордың апелляциялық өтінішхаты, зардап шегушінің және оның өкілінің апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды», - делінген хабарламада.