Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Арман Әбдіхалықовтың айтуынша, облыстағы Атбасар, Сандықтау, Астрахан, Зеренді, Шортанды және Целиноград аудандарында су басу қаупі бар көрінеді.
«Қар еріген кезде Вячеславский су қоймасынан 110-180 миллион текше метр су ағып өтеді деп жоспарланған. Бұл белгіленген мөлшерден яғни, 131 миллион текше метрден асып кетуі мүмкін. Сондықтан, осы жағдайға байланысты алдын алу жұмыстарын күшейту қажет», - дейді А.Әбдіхалықов.
Қазір облыс әкімімен бекітілген жоспарға сәйкес, жауапты органдармен тиісті жұмыстар атқарылуда. Осы бағытта бүгінгі күнге дейін облыстағы елді-мекендерден 600 мың текше метр қар шығарылған. «Казгидромет» болжамы бойынша облыс аумағында сәуір айының алғашқы күндері-ақ, қар ери бастайды. Осыған орай, облыс әкімінің орынбасары аталған аудандардың басшыларына көктемгі су тасқынын алдын алу жұмыстарын ширатуды тапсырды.