Ақмола облысында алтын құймасын өндіретін кәсіпорын салынып жатыр

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының əкімі Мəлік Мырзалин жұмыс сапарымен Степногорск қаласында болып, бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Сапар барысында аймақ басшысы «Қазақалтын» акционерлік қоғамының Ақсу кенішіндегі жаңадан салынып жатқан техногенді-минералды жасандыларды өңдеу фабрикасының құрылыс нысанындағы осы уақытқа дейінгі атқарылған жұмыстармен танысты. Кәсіпорынның бас директоры Евгений Балашовтың айтуынша, салынып жатқан кәсіпорын үстіміздегі жылдың қараша айында іске қосу жоспарланған.

«Жылына 2,5 миллион тонна кеннен 1 тоннаға дейін Доре құймасын (сплав) алу жоспарлануда. Фабрика пайдалануға берілгенде шамамен 190-ға жуық адам жұмыспен қамтылады. Қазіргі таңда онда 60 құрылысшы жұмыс істеп жатыр. Жобаға құйылған инвестицияның көлемі 10 миллиард теңгені құрайды. Бас мердігері - «AAEngineering Grup». Қажетті құрал-жабдықтар жарым-жартылай сатып алынып, орнатылған. Әлі де бір талай құрал-жабдықтар алу қажет», - деді Е.Балашов.

Өңір басшысы құрылыс жұмыстарына он бағасын беріп, жобаны жүзеге асыру өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Еске сала кетейік, Мұндай жоба Бестөбе кенішінде де жүзеге асырылмақшы. Жалпы бұл екі жобаның құны 63 миллион АҚШ долларын құрап отыр. Әрқайсысында да 100-ден астам жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.