Ақмола облысында аса ірі көлемде есірткі затын сақтап, саудалаған әйел 11 жылға бас бостандығынан айырылды

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Аса ірі көлемде есірткі затын сақтаған және саудалаған Ақкөл қаласының тұрғыны 11 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен хабарлады.

Жақында Ақмола облыстық мамандандырылған ауданаралық соты ҚР ҚК 297 бабы 3 бөлімінің 3 тармағы бойынша істі болған Ақкөл қаласының тұрғыны А.Гловацкаяға қатысты қылмыстық істі қарады.

Сотта анықталғандай, А.Гловацкая 2015 жылдың ақпанында Ақкөл қаласындағы үйінде аса ірі көлемде заңсыз есірткі затын (269,67 грамм героин) сақтаған, сондай-ақ, 5,36 грамм героинді шартты сатып алушыға саудалаған.

Жедел-іздестіру шарасы барысында күдікті әйел ұсталып, қамауға алынды.

Алайда, күдікті сотта өзіне тағылған айыппен келіспей, керісінше, үйінде табылған есірткі затының өзінікі емес екенін айтып сендірмек болды.

Сот іс материалдарын қарау кезінде күдікті А.Гловацкаяның кінәсін толықтай дәлелдеп берді.

Нәтижесінде Ақмола облыстық мамандандырылған ауданаралық соты оны істеген қылмысы үшін 11 жылға бас бостандығынан айырып, жалпы режимдегі колонияда жазасын өтеуді тағайындады. Сонымен қатар оның мүлкі де тәркіленді.

Сот үкімі заңды күшіне енді.