Ақмола облысында аудандық мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Биылғы жылдың 25 наурызында Ақмола облысының Астрахан, Целиноград және Біржан сал аудандарында мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте  Ақмола облыстық Сайлау комиссиясының төрағасы Әділхан Шаяхметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, сайлау науқанына дайындық шаралары мен оны өткізуге облыстық, үш аумақтық, үш округтік және тоғыз учаскелік сайлау комиссиясы тартылған.

Аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлерді жіберу облыстық Сайлау комиссиясының 2018 жылғы 6  ақпандағы қаулысына сәйкес жүзеге асырылады. Барлық аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссиялары туралы мәліметтер (орналасқан жері, телефоны, сайлау комиссиясының құрамы, округ шекарасы) аудандық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

2018 жылдың 9 наурызынан бастап, азаматтардың тұрғылықты мекенжайы бойынша орналасқан сайлау учаскелерінде, учаскелік сайлау комиссиясы тұрғындарға сайлаушылардың тізімін танысуға ұсынады.

«Аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлерді жіберу белгілі тәртіп бойынша тіркелген республикалық және жергілікті қоғамдық ұйымдармен, сондай-ақ құрылымдық бөлімшелер және азаматтардың өзін-өзі ұсыну арқылы жүргізіледі.  Үш округ бойынша 11 үміткер депутаттыққа ұсынылды», - деп түсіндірді Ә.Шаяхметов.

Әр сайлау округі бойынша сайлау бюллетендеріне үш үміткер енгізіледі. Әр үміткердің сайлаушылармен кездесу кестесі келісілді. Үміткермен және оның сенімді тұлғасымен өткізілетін сайлауалды үгіт жұмыстары 2018 жылдың 24 наурызында түнгі сағат 00:00-де аяқталады.