Осы ретте 265 жаңа жұмыс орнын құра отырып, 250-ге жуық несие беру жоспарланған. Несиенің орташа мөлшері 4,8 миллион теңгені құрайды. Бұл туралы журналистермен өткен брифингте Ақмола облысы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Басқарма басшысы атап өткендей, биылғы жылдың 27 маусымында сенім білдірілген агент «Kokshe» ӘКК» АҚ-мен тапсырма шарты жасалды.
Бағдарламаны тиімді орындау мақсатында әр ауданда әкімдердің өкімдері және олардың орынбасарларының төрағалығымен жұмыс топтары құрылды, олар сенім білдірілген агенттің қарауына одан әрі жолдау үшін әлеуетті қарыз алушылардың несиелік құжатын іріктеп дайындайды.
«Kokshe» ӘКК» АҚ сенім білдірілген агент ретінде бағдарламаға қатысушыларға белгілі бір шарттармен (микрокредит мерзімі – 5 жылға дейін, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін микрокредит мерзімі – 7 жылға дейін; микрокредиттің ең жоғары сомасы – ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда – 2,5 мың АЕК-ке дейін (8 625 000 теңге), зәкірлік кооперацияны дамыту үшін – 8 мың АЕК-ке дейін (27 600 000 теңге); номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5%-дан аспайды; кепіл қою; ҚР салық заңнамасына сәйкес салық органдарында тіркелу) несие береді», - деді Қасым Итқұсов.
Маусым айының соңында «Kokshe» ӘКК» АҚ сенім білдірілген агенті үміткерлердің өтінімдерін қабылдауды бастады. Бұл бағдарламаға ауылдық елді мекендер мен шағын қалалардың тұрғындары үміткер бола алады.
«Бүгінгі таңда жағдай келесідей: несиеу алу үшін жалпы сомасы 872 миллион теңгеге 139 өтінім түсті. Оның ішінде 348,7 миллион теңге сомасына 56 өтінім бойынша несие мамандарының қорытындысы дайындалуда, 117,5 миллион теңге сомасына 19 өтінім несие комитетімен мақұлданды. Атбасар, Жақсы, Аршалы аудандарында және Біржан сал ауданында жүргізіліп жатқан белсенді жұмыстарды атап өткім келеді», – деп толықтырды Қасым Итқұсов.
Жалпы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің барлық дерлік бағыттары несиелеумен қамтылатын болады. Оның ішінде ет және сүт мал шаруашылығы, жылқы шаруашылығын, қой шаруашылығын, құс шаруашылығын дамыту, картоп пен көкөніс өсіру, техника мен жабдықтар сатып алу, сондай-ақ ауыл шаруашылығы емес бизнестің басқа да түрлері бар.
Айта кетсек, бұдан бұрын Сандықтау ауданында 4 миллиард теңгенің инвестициялық жобалары жүзеге асып жатқандығын жазған едік.