Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Ақмола дарыны» дарынды балалар мен дарынды жастарды анықтау және қолдау орталығы басшысының міндетін атқарушы Аягөз Алдабергенова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасы - ауыл балаларын қолдауға және дамытуға, олардың қалалық құрдастарымен табысты бәсекелесуі үшін жағдай жасауға, білімдегі алшақтықты қысқартуға бағытталған ұлттық ауқымдағы бірегей жоба. Өткен жылы олимпиадаға елімізде 4 мың ауыл мектебінен 300 мыңға жуық оқушы қатысты.
«2021 жылы Ақмола облысынан 6486 оқушы 1-ші кезеңге қатысса, оның 263-і екінші кезеңге өтті. Нәтижесінде 51 оқушы жеңімпаз атанды. Барлық жеңімпаздарға әрі қарай білім алу және дағдыларын дамыту үшін «Birge Oqý» онлайн-мектебіне тегін қолжетімділік беріледі. Жеңімпаздарға конкурстан тыс дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерге қабылдау мүмкіндігі беріледі», - деді Аягөз Алдабергенова.
Биылғы олимпиада қорытындысына сай елімізде 1000 жеңімпаз анықталады. Олар еліміздің республикалық физика-математика мектебі, «Білім-инновация» лицейі және «Дарын» мамандандырылған мектептерінде оқуға мүмкіндік алады. Бұдан бөлек, 5 мың оқушы қосымша сабақтарды онлайн оқитын болады.
«Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасының мақсаты-ауылдық жерлердегі оқушылардың қабілетін дамыту үшін тең жағдай жасау. Шалғай өңірлерден келген оқушылардың әлеуетін қолдау Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялаған 2022 жыл аясында одан да өзекті бола түсуде», - деп толықтырды Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ботакөз Дүйсенова.
Олимпиадаға Қазақстанның ауылдық мектептерінде соңғы екі оқу жылында білім алып жатқан 5-6 сынып оқушылары қатыса алады.
Еске сала кетсек, «Мың бала» зияткерлік олимпиадасы екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең 2022 жылдың 4-8 сәуір аралығында өтеді. Екіншісі-27-29 сәуір аралығында.