Ақмола облысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 5 пайызға артты
Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірде барлық түрдегі 106,5 мың тоннаға жуық ет (өсімі 10,2 пайызға), 195 мың тоннадан астам сүт және 363 миллион дана тауық жұмыртқасы өндірілді. Мемлекет қолдауының арқасында биылғы егіс науқаны оңтайлы агротехникалық мерзімде өткізілді. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін игеру есебінен жаздық егіс алқабы 5,3 миллион гектарға дейін ұлғайтылды, оның 4,9 миллион гектары дәнді және дәнді-бұршақ дақылдары.
Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі мен сапалық көрсеткіштерін арттыру мақсатында өңірде агротехникалық шаралар жүзеге асырылып жатыр. Топырақтың құнарлылығын жақсарту үшін минералды тыңайтқыштар қолданылады. Биылға жоспарланған110 мың тонна тыңайтқыштың 100 мың тоннасы сатып алынды. Тыңайтқыш енгізу жұмыстары шілде-қазан айларында жүргізіледі. Сонымен бірге, егістікті арамшөптерден қорғау үшін облыс фермерлері 4,4 миллион гектар (жоспардан 109,4 пайыз) алқапта химиялық өңдеу жұмыстарын қолға алды, оның ішінде қосжарнақты арамшөптерге - 2,8 миллион гектар, дәнді дақылдарға - 1,6 миллион гектар.
Бұдан бөлек, қазіргі уақытта дәнді дақылдар ауруы (септория) және өсімдік зиянкестері (бидай трипсі), сондай-ақ, шегірткеге қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатыр.
«Жалпы, Мемлекет басшысының азық-түлік қауіпсіздігін нығайту жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде Ақмола облысында белгілі бір нәтижелерге қол жеткізілді. Биылғы бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша өңірде ауыл шаруашылығы өнімінің өндірісі 5 пайызға, яғни 187,4 миллиард теңгеге дейін ұлғайды», - дейді ведомстводан.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында сүт өндірісін 32,3 мың тоннаға ұлғайту жоспарланғанын жазған едік.