Ақмола облысында азық-түлік бағасына күнделікті мониторинг жасалады

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында бизнес субъектілері арасында бағаның алыпсатарлық өсуіне жол бермеу және көзделген жауапкершілік шаралары туралы кеңінен түсіндіру жұмысы жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сондай-ақ, сауда нысандарында сауда үстемесінен 15 пайыздан асып кету жағдайларын анықтау мақсатында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына күнделікті мониторинг ұйымдастырылып тұрады.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялы қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Ербол Оспанов мәлім етті.

«Азық-түлік тауарларына баға белгілеудің барлық тізбегі бойынша кәсіпорындар басшыларының қатысуымен мониторингті талдау жүргізіледі. Оны ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, қайта өңдеу өнеркәсібі, көтерме және бөлшек сауда саласындағы кәсіпкерлер, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған облыс әкімдігі жанындағы комиссия жүзеге асырады. Нәтижесінде сауда желілеріне тауарларды тікелей жеткізу жолға қойылады, өнімсіз делдалдардың буындары алынады. Құқық бұзушыларға ескерту түріндегі жауапкершілік шаралары қолданылады, қайталап бұзған кезде айыппұл санкциялары көзделген», - деді Ербол Оспанов.

Басқарма басшысы атап өткендей, өткен жылы облыста 2020 жылға қарағанда 15,5 пайыз өсіммен 141,6 миллиард теңгенің азық-түлік өнімі өндірілді.

Ет және субөнімдер өндірісі 45,8 пайызға, еттен жасалған жартылай фабрикаттар 65,5 пайызға, тазартылған күнбағыс майы 2,8 есе, сүт 2,7 пайызға, сары май 28,5 пайызға, ірімшік және сүзбе 5 пайызға, жарма 40,3 пайызға, дайын жемшөп өндірісі 30,4 пайызға ұлғайды.

Қазіргі уақытта азық-түлік саудасының барлық нысандары штаттық режимде жұмыс істейді, негізгі азық-түлік тауарларының қорлары бар және үнемі толықтырылып отырады.

Жыл басынан бері қырыққабат 37,6 пайызға, картоп 8,5 пайызға, сүзбе 1,7 пайызға, сәбіз 1,5 пайызға, пияз 1 пайызға, қант 1 пайызға қымбаттағаны байқалады.

Бағаның өсуі осы өнім түрлерін өндірушілердің бағасының өсуіне байланысты. Осы кезеңде жұмыртқа бағасы 1,2 пайызға төмендеді.

Осы ретте бағаның өсуін тежеу мақсатында Түркістан облысында ерте пісетін қырыққабатты келісімшарт бойынша, сондай-ақ көрші елдерден сатып алу мәселесі пысықталуда.

Бағаны тұрақтандырудың «айналым тетігі» шеңберінде «Зеренді сақтау өнімдері» ЖШС-мен шарт жасалды, «Kokshe market» әлеуметтік дүкендер желісі арқылы бір келі үшін 145 теңге бөлшек сауда бағамен 1500 тонна картоп жеткізілуде.

Сондай-ақ, осы тетік шеңберінде «Гормолзавод ТД» ЖШС-і 1200 теңге бағаға сүзбе және «Кokshe market» ЖШС-і 320 теңге бағаға қант сатуда.

Тұрақтандыру қорына «Агротрейд Көкше» ЖШС-і мен «Сапаров» ЖК-нан 70 тонна сәбіз бен 50 тонна пияз сатып алынды.

«Жалпы облыста әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша жұмыс жүйелі негізде құрылған. Өткен жылдың тамыз айында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ақмола облысында азық-түлік тауарларына баға белгілеудің барлық тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссия құрылды. 2021 жылдың тамыз айынан бастап комиссияның 15 отырысы өткізілді. Тыңдау және шығу нәтижелері бойынша комиссия әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түріне баға белгілеу тізбегіне талдау жүргізді, мемлекеттік органдарға, ӘКК-ге, аудандар мен қалалардың әкімдіктеріне бағаны тұрақтандыруға бағытталған тиісті тапсырмалар берді», - деп түйіндеді Е.Оспанов.

Айта кетсек, өңірде «айналым тетігі» шеңберінде азық-түлік тауарларының 9 түрі бойынша 1,6 миллиард теңгеге жеңілдікпен несиелер берілді.

Облыстың тұрақтандыру қорына 3 мың тоннадан астам тауар сатып алынды, тағы 6 мың тоннаға жуық келісімшарт жасалған.

Ауа райын ескере отырып, облыс өңірлерінде ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін қайта жандандыру көзделген.