Ақмола облысында бір аптаның ішінде 3 бала терезеден құлаған

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысындағы көп қабатты үйлердің терезелерінен жас балалардың құлап кетуіне және олардың ауыр жарақат алуына немесе тіпті өліміне әкеп соққан оқиғалардың негізгі себебі ата-аналардың немқұрайлылығы және жас балаларды қараусыз қалдыру болып отыр. Бұл туралы брифингіде Ақмола облысы ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Департамент басшысының айтуынша, жыл сайын күннің жылуымен облыста көп қабатты үйлердің терезелерінен екі жастан алты жасқа дейінгі балалардың құлап кетуіне байланысты жазатайым оқиғалардың саны артып келеді. Мәселен, биылғы жылдың бес айында Ақмола облысы бойынша көпқабатты үйлердің терезелерінен жас балалардың құлап кетуінің төрт жағдайы тіркелді, оның ішінде өткен аптада ғана үш оқиға орын алды.

«Бүгінде үш бала ауруханадан шығарылып, үйде жатыр, олардың жағдайы тұрақты. Мәселен, 14 мамырда Көкшетау қаласында бала өлімімен аяқталған бір оқиға тіркелді. Барлық жазатайым оқиғалардың негізгі себебі ата - аналардың қарапайым немқұрайлылығы, атап айтқанда, жас балаларды қараусыз қалдыру, жақын маңдағы ересектердің ұқыпсыздығы болып табылады», - деп атап өтті Н.Атығаев.

Осы ретте, өңірдің бас құтқарушысы ақмолалықтарға жас балаларды ешқашан жалғыз қалдырмауға, баланың терезе алды тақтайына көтеріле алмауы үшін жиһаздың барлық түрлерін терезеден алыстатуға, балаға бірнеше сантиметрден артық терезе ашуға мүмкіндік бермейтін арнайы бекіткіштер қоюға, сондай-ақ, баланың ересектердің қарауынсыз балконға шығуына жол бермеу туралы кеңес береді.