Ақмола облысында браконьерлікпен айналысқан 7 тұрғын ұсталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмолалық тәртіп сақшылары заңсыз аң аулаумен айналысқан елорданың 7 тұрғынын қолға түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақмола облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметтеріне қарағанда, Астананың 7 тұрғыны 1 желтоқсан күні Ақкөл ауданындағы «Домбыралы» шаруашылығының аумағында көліктерімен бірге қолға түсті. Тәртіп сақшылары оларды аңшылық шаруашылығының қызметкерлерімен бірлесіп жүргізген рейд барысында ұстады.

«Тексеру барысында полицейлер қарда жүруге арналған техника, мылтықтар мен 4 еліктің етін тапты. Табиғатқа келтірілген зиянның мөлшері анықталуда. Заңсыз аңшылық әрекеті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, заттай айғақтар бар»,-деп хабарлады өңірлік Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, браконьерлік әрекеттерді анықтау және оның жолын кесу басты назарда тұрған мәселе. Облыс аумағында кешенді рейд шаралары ұйымдастырылуда. Шараға орман және аңшылық шаруашылығының қызметкерлері де тартылды.

«Айта кетейік, заңсыз аңшылық үшін ҚР ҚК-нің 337 бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Ол мал-мүлкін тәркілей отырып, кінәлі азаматқа айыппұл салу, бас бостандығынан айыру, келтірілген шығынның орнын толтыруды қарастырады»,-дейд ведомство өкілдері.

Полиция қызметкерлері жыл басынан бері заңсыз аңшылық жасаудың 17 әрекетін анықтаған.