Ақмола облысында бухгалтер ЭЦҚ арқылы бюджет қаржысын ұрлаған

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында бухгалтер ЭЦҚ арқылы бюджет қаржысын ұрлаған. Бұл туралы денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды күшейту мәселелері қаралған онлайн өткен бейнеконференцияда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта іс сотта қаралуда.

«Заңдылықтың бұзылуына басшылық тарапынан тиісті бақылаудың болмауы, қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жұмыстың төмен ұйымдастырылуы себеп болды. Тергеу-жедел тәжірибесін талдау көрсеткендей, өңірдің денсаулық сақтау жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық қылмыстардың жиі кездесетін түрлері қызметтік өкілеттілікті теріс пайдалану, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету және парақорлық болып табылады»,- дейді ведомостводан.

Сонымен қатар, жиында айтылғандай, бұрын мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқаны үшін жеке кәсіпкерден 5 миллион теңге сомасында пара алған «Бурабай» республикалық оңалту орталығының директоры Исаев 3,6 жыл мерзімге сотталды.

«Биыл денсаулық сақтау саласына мемлекет тарапынан 5,9 миллиард теңге бөлінді. Өкінішке орай, осы саладағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың статистикалық сандары да аз емес. Денсаулық сақтау жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықтың қоғамдық қауіптілігі өте жоғары екенін түсіну қажет, өйткені ұрланған қаражат дәрі – дәрмектерге, медициналық жабдықтарға, қорыта алғанда емдеуге және адамдардың өмірін сақтауға баруға тиіс еді. Елімізде қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайында бұл мәселе өте өзекті. Сондықтан, барлықтарыңызды қызметтік парызды адал орындауға шақырамын», - деп атап өтті аймақтық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Мұрат Төлеубаев.