Ақмола облысында дарынды балаларға арналған жаңа мектеп-интернаты ашылды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Щучье қаласындағы ІТ мектеп-лицейінің базасында дарынды балаларға арналған «IT Білім-инновация-лицейі» ашылды.

Білім ордасында 7-11 сынып оқушылары қазақ және орыс тілдерінде білім алатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мектептің ашылу салтанатына Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова, Ақмола облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Ботакөз Дүйсенова және «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті Ержан Әубәкіров қатысты.

«ІТ Білім-инновация» лицейінде сапалы білім алу үшін заманауи материалдық-техникалық базасы бар мамандандырылған жабдықтармен жабдықталған химия, биология және физика зертханалары, ІТ кабинеттері, робототехника кабинеттері, ал сабақтан тыс жұмыстар үшін домбыра және шахмат сыныбы, бассейн бар.

Білім ордасында информатика мен ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы оқушылардың жеке, шығармашылық және зерттеу қабілеттерін дамыту бойынша жұмыстар жүргізіледі .

«7-сыныпқа түсу кезінде балалар тіл үйренуге бейімділеді, 8-сыныпта балалар ІТ бағыты, робототехника, бағдарламалау және 3D модельдеу бойынша сабақтардан өтеді. Әрі қарай, оқушы сабақтардың ішінен өзі үшін бір нақты бағытты таңдайды. Ал 10-11 сыныптарда таңдалған дайындық бағыты бойынша жобалармен жұмыс істейді және ІТ-бағытты терең оқып, зерттеу ісімен айналысады», -деді ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.

Болашақта, мектеп оқушыларының алдында заманауи технологияларды оқыту, жақын және алыс шетелдердің жетекші IT-университеттері мен компанияларында тәжірибелер мен тағылымдамалардан өту, ең озық бағдарламалар мен технологиялармен жұмыс істеу үшін кең мүмкіндіктер ашу қарастырылған.