Ақмола облысында дүкенші мен жүргізушіден коронавирус табылды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында соңғы тәуліктің ішінде 4 адам коронавирус инфекциясымен ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, бұл жолы алдымен Бурабай кентінің тұрғыны 1961 жылғы әйелден профилактикалық мақсатта зерттеу кезінде анықталды. Ол тамақтың жыбырлауы, жөтелу және дене қызуының 37,2 градусқа көтерілуіне шағымданған.

Бұдан бөлек, Степногор қаласында коронвирус инфекциясын жұқтырудың алғашқы жағдайы тіркелді. Қауіпті инфекция ауруханаға жүгінген 1996 жылғы әйелден скрининг кезінде табылды.

Сондай-ақ, Егіндікөл ауданында 1982 жылғы дүкен сатушысынан анықталды. Ол аталмыш ауру белгісімен ауруханаға өзі жүгінген.

Сонымен қатар, Көкшетау қаласының тұрғыны 1977 жылғы ер адам коронвирус жұқтырды. Ол бензин тасымалдайтын көліктің жүргізушісі, облыс аумағында бензин тасымалдаумен айналысып келген.

Науқас Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің жұқпалы аурулар бөлімшесіне жатқызылды.

Ол осыған дейін «өкпесінің екіжақты вирустық-бактериологиялық қабынуы, асқының ауры деңгейі» диагнозымен Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының пульманолог бөлімшесіне жатқызылған болатын.

«Науқастарға бекітілген клиникалық хаттамаға сәйкес медициналық көмек көрсетіледі. Үй ошағында эпидемияға қарсы дезинфекциялау, сондай-ақ, науқастармен байланысты болған адамдары анықтау бойынша санитарлық-эпидемиологиялық шаралар жүргізіледі», дейді Ақмола облыстық тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметіндегілер.

Айта кетейік, Ақмола облысында осымен COVID-19 жұқтырғандардың саны 190 адам болды. Ал, жазылып шыққандар 141 адамға жетіп отыр.

Сондай-ақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірде ауру белгілері білінбейтін коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастардың саны артуда.

Осындай симптомсыз 44 адам үй карантиніне алынды. Оның ішінде соңғы тәулікте Сандықтау ауданында 3 адамнан – екі ересек адам мен 2014 жылғы баладан анықталды.