Ақмола облысында ЭЦҚ пайдалану арқылы бюджет қаражаты ұрланған

Фото: None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы Бурабай ауданы әкімінің аппаратында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Рүстем Танабаевтың қатысуымен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың алдын алу және ескерту бойынша кездесу өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында қатысушыларға қылмыстық құқық бұзушылық жасауға және басқа да заң бұзушылықтарға ықпал ететін жағдайларды жою туралы ұсыныстарды түсіндіру бойынша мәлімет (ҚР ҚПК 200-бабы шеңберінде) берілді.

«Мәселен, сотқа дейінгі іс жүргізу барысында Бурабай ауданының құрылыс бөлімінің бас маманы оның тұрақты пайдалануындағы басшының электрондық-цифрлық қолтаңбасын пайдалану арқылы 2 526 863 теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырғаны анықталды, оның қызметкерлердің карта шоттарына өз жалақысы ретінде негізсіз ақша қаражатын аударғаны сот-экономикалық сараптаманың қорытындысымен расталды. Қылмыстық қудалау органы қабылдаған түпкілікті шаралардың нәтижесінде бұл қаражат мемлекет кірісіне өтелді», - дейді ведомстводан.

Кездесуде аталған заң бұзушылыққа ауданның тиісті мемлекеттік органдары басшыларының тарапынан бақылаудың болмауынан, сондай-ақ құрылыс бөлімінің лауазымды тұлғаларының тікелей міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан жол берілгені айтылды.

Осы ретте, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшылығы Бурабай ауданының қаржы бөлімі тарапынан еңбекақы төлеу қорындағы бюджет қаражатын жұмсауды жоспарлауға бақылауды жүзеге асыру тәртібін әзірлеу түсіндірді. Сондай-ақ әкімдіктің дербес бөлім мен бөлімшелері басшылары үшін компьютер сауаты және ЭЦҚ пайдалануды оқыту семинарын өткізу қажеттігі айтылды.

«Мемлекеттік ақшаны тиімсіз пайдалану мен ұрлаудың кез келген алғышарты мен жағдайының жолын кесуді тағы да атап өткім келеді. Сондықтан да қатысушыларды адалдыққа, сатылмаушылыққа, азаматтар мен мемлекеттің мүдделеріне қызмет етуге, сондай - ақ сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыруға шақырамын», - деп атап өтті Рүстем Танабаев.


Соңғы жаңалықтар