Ақмола облысында егін орағы аяқталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында күзгі егін орағы жұмыстары аяқталды. Өңір диқандары өнімділік төмен болғанына қарамастан 4 миллион тоннадан астам астық жинады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, ақмолалық шаруалар үшін бұл жыл оңай болған жоқ. Жаздың ыстық болуы және жауын-шашынның аз түсуі егіннің біттік шығуына біраз кедергі келтірді. Соған қарамастан, шаруалар егін орағы науқанын уақтылы аяқтап, алтын астықты шашпай-төкпей жинап алды. Облыс бойынша орта гектар берекесі 8 центнерден айналды.

«Биылғы жыл диқан қауымы үшін оңай болған жоқ. Дегенмен, ыстық астықтың шығуына кедергі келтіргенімен, сапасына оң әсер етті. Глютен 30 пайыздан асады, дәннің сапасы жоғары. Жиналған бидайдың 90 пайыздан астамы жоғары санатқа жатады. Ендігі міндет- астықтың элеваторларға жөнелтілуі мен сақталуын қамтамасыз ету. Жалпы, облыста сиымдылығы 6,5 миллион тонна болатын элеваторлар мен шаруашылықтарда 2 миллион тоннаға арналған астық қоймасын дайындалды», - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркеш Әленов.

Басқарма басшысы атап өткендей, қазіргі кезде тұқым қорын жасау, келер жылға жер жырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.