КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Мəлік Мырзалин жұмыс сапарымен Зеренді жəне Сандықтау аудандарында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі əкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңір басшысы алдымен, «Викторовка» серіктестігінің химиялық сұйық тыңайтқыш өндіретін шағын зауытының жұмысымен танысып, қаржы үнемдеу мәселесіне назар аударды. Биыл шаруашылық егіс алқабына 400 тонна амофос, 1200 тонна сұйық тыңайтқыш сіңіріпті. Бұл гектарынан 30-35 центнерден өнім алуға септігін тигізіп отыр. Шағын зауыт тәулігіне 120 тонна химиялық сұйық тыңайтқыш өндіре алады. Бұл өзге де тұтынушылар сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
Шаруашылық егіс алқаптарын әртараптандырған. Биыл 8387 гектар алқапқа дәнді дақылдар, 2647 гектарға бұршақты дақылдар, 5438 гектар жерге жасымық, зығыр, рапс тәрізді майлы дақылдар сіңірген. Владимир Андрюхиннің айтуынша, шаруашылық ауа райының қолайсыздығынан орақ жұмысына 20 тамызда кіріскен. Бүгінгі таңда дәнді дақылдардың 50 пайызы, жасымықтың 84 пайызы жиналған. Ылғалды астық қырмандағы газбен жағылатын кептіргіш кешенінде кептіріліп, бірден элеваторға тасымалдануда. Облыс әкімі өнімділігі жоғары комбайндардың жұмысына назар аударып, орақ жұмысының қарқынын еселеуді тапсырды.
Сапар аясында облыс әкімі Зеренді жəне Сандықтау аудандарының активімен бюджеттің орындалуы және ауыл шаруашылығына бағытталған жерлерді тиімді пайдалану мәселесі жөнінде кеңес өткізді.
Аслан Оспанов
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқыған. Мақалалары республикалық, облыстық және қалалық газеттерде жиі жарияланып келді. «Қазақстан» РТРК» акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалында, «Арқа ажары» газетінде қызмет атқарды. 2014 жылдан бері «KAZINFORM» ХАА-де жұмыс істейді.