Ақмола облысында екі нәрестені аналары өлімге қиған

КӨКШЕТАУ. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысында ағымдағы жылдың наурыз айында аман-сау дүниеге келген екі нәрестені аналары өлімге қиған,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көкшетау қаласында жылу жүйесі құбырының астынан нәрестенің оралған мәйіті табылды. Қазіргі кезде адам жанын түршіктіретін қылмыстық оқиға бойынша тергеу амалдары жалғастырылуда. Осы айдың басында Целиноград ауданына қарасты Қараөткел ауылында дүниеге келген сәбидің мәйіті қора сыртында қар астынан табылған болатын. Полиция қызметкерлерінің жіті іс-әрекеті нәтижесінде оның анасы осы ауылдың тумасы, елордадағы колледж студенті болып шықты.