Ақмола облысында елорда тұрғынын көлік қағып, мерт қылды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында адамды көлігімен қағып өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, 8 қыркүйекте түнгі сағат екі шамасында Атбасар аудандық ПБ кезекшілік бөліміне жергілікті тұрғын қоңырау шалып, Нұрсейітов көшесінің бойында көлік соққан адамның жатқандығын хабарлаған.

«Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары «ВАЗ-2110» көлігінің жүргізушісі 43 жастағы жаяуды қағып, артынша қашып кеткенін анықтады. Зардап шегуші – Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны сол жерде көз жұмды. Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша ер адамның жол апатынан алған дене жарақатынан қаза болғаны анықталды», - дейді ведомстводан.

Департаменттен атап өткендей, сол күні түнгі сағат 02:15 шамасында қашқан жүргізушіні іздестіру жұмысы қолға алынып, оған Атбасар аудандық ПБ жеке құрамы, Ақмола облыстық ПД жол-патрульдік батальоны мен күштері тартылды.

«Іздестіру шарасы кезінде Атбасар қаласының 26 жастағы тұрғыны ұсталды. Ер адам өз кінәсін мойындады. Оның бұған дейін де бұзақылық бойынша қылмыстық жауапқа тартылғаны анықталды», - деп толықтырды полицейлер.