Ақмола облысында Германияның жетекші компанияларының өкілдерінің қатысуымен «Алқап күні» өтуде (ФОТО)

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Зеренді ауданының Шағалалы жерінде Қазақстандағы Германияның жетекші компанияларының өкілдері және жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қатысуымен «Алқап күні» өтуде.

Осы жерде «Алқап күнін» өткізу соңғы жылдары дәстүрге айналған. Биыл да осынау дәстүр өз жалғасын тауып, 5 рет қатарынан ұйымдастырылып отыр. Бұл жолы аталған шараға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі, Германияның Азық-түлік және тұтынушылар құқығын қорғау министрлігі мен ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын жетекші компанияларының өкілдері қатысып, ауыл шаруашылығы саласын дамытуда тараптар бір-біріне алғыс сезімін жеткізді әрі осы екі жақты іскерлік байланыстың одан әрі нығая түсетіндігіне зор сенім білдірді. «Әлемдегі астықты экспортқа шығаратын ең алдыңғы қатарлы он мемлекеттің санатындағы Қазақстан мен Германияның ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын компанияларының арасындағы әріптестік байланыс көп жылдардан бері жалғасып келеді. Бүгінде еліміздің астықты аймақтардың егін алқаптарында «Клаас», «Лемкен» маркалы Германияның қазіргі заманғы ауыл шаруашылығы техникаларын көптеп кездестіруге болады. Бүгінгі таңда жоғары сапалылығымен ерекшеленетін германиялық фирмалардың техникалары әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие болып отырғаны даусыз. Сондықтан, ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған Қазақстан үшін неміс технологиясы мен техникаларын сатып алып, қолданысқа енгізудің маңызы зор», дейді Зеренді ауданының әкімі Асқар Мұратұлы. Жиналғандар неміс аграрлық орталығының алқаптарында қазіргі заманғы технология бойынша себілген астық дақылдары мен германиялық компаниялар шығарған ауыл шаруашылығы техникаларының жұмысымен танысып, жоғары бағаларын берді.