Ақмола облысында інісін өлтірген күдікті ұсталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат- Ақмола облысында інісін өлтірген 36 жастағы ер адам қамауға алынды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, 2017 жылғы 31 мамырда Бұланды аудандық ІІБ кезекшілік бөліміне 1963 жылғы Ресей Федерациясының азаматшасы телефон арқылы хабарласып, Макинск қаласында тұратын 35 жастағы жиенінің із-түзсіз жоғалғандығын айтқан. Арызданушының сөзіне қарағанда, жиені 25-ші мамырдан бастап байланысқа шықпаған.

«Аталған оқиғаға байланысты жедел-іздестіру тобы жоғалған жігіттің 1981 жылғы ағасымен тұрған мекенжайына барады. Тексеріс барысында полиция қызметкерлерінің біріне үйдің кілемшемен жабылған жертөлесі күдік туғызады. Полиция қызметкері осыған дейін орын алған ұрлықтардың бірін анықтау мақсатында үй-үйді аралап, тінту кезінде осы үйде де болыпты. Ол кезде аталмыш үйдегі жертөленің беті кілемшемен жабылмаған. Қырағы тәртіп сақшысы осыны аңғарып қалған.

Жертөлені ашқан полицейлер онда жоғалған ер адамның мүрдесін тапты. Күдікті бірден қылмысын мойындап, інісін спирттік ішімдіктің салдарынан туындаған ағайынды екеуара кикілжіннен өлтіргенін мойындады.

Сонымен қатар, полицейлер күдіктінің психиатр дәрігердің есебінде тұрғанын анықтады. Қазіргі кезде, күдікті ұсталып үстінен ҚР ҚК 99-бабының 1-бөлімі (адам өлтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деп түсіндірді ІІД баспасөз қызметінен.