Ақмола облысында із-түзсіз жоғалып кеткен 26 жастағы жігіт іздестірілуде

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында із-түзсіз жоғалып кеткен Бурабай ауданындағы Қатаркөл ауылының тұрғыны 26 жастағы Никита Воронов іздестірілуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ІІД  баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Никита Александрович Вороновтың жоғалғаны туралы ақпарат Бурабай аудандық ІІБ-ге 6 ақпанда түскен. Әпкесінің сөзіне қарағанда, Никита 2017 жылдың 26 қаңтарында  үйінен шығып, Көкшетауға кеткен.

Кейін полицейлер анықтағандай, Никита сол күні Көкшетаудағы ағасының үйінде болып, келесі күні Ресейге аттанған. Ол жақта екі күн болып,  қаңтардың 29-ында елге оралған. Содан бері еш хабарсыз, қайда жүрені белгісіз.

Никита Александрович Вороновтың бойы 175-180 сантиметр шамасында. Дене бітімі: арықша келген, шашы қара, беті сопақша келген, қой көзді, тік мұрынды, қалың ерінді. Он қолының білегінде нүктеге ұқсас татуировка бар. Үстіне сұр түсті қысқы күрте, сұр жолағы бар қара түсті бас киім, көк түсті джинсы және қара түсті қысқы кроссовка киген.

Сонымен қатар, Никита Вороновтың психикалық ауытқуы бар екені анықталып отыр. «Оны көрген немесе жүрген жерін білетін азаматтар болса, «102» телефон нөмірі арқылы хабарлассын» делінген хабарламада.