Ақмола облысында іздеуде жүрген 20 қылмыскер ұсталды
Полицейлердің дерегі бойынша, ағымдағы жылдың 15 наурызынан бастап облыс аумағында «Іздеу» алдын алу операциясы өтуде. Халықаралық іздеуде жүрген қылмыскерлерді және із-түзсіз жоғалып кеткен адамдарды анықтау мақсатында ұйымдастырылған шара барысында бар-жоғы екі күннің ішінде 20 қылмыскер ұсталды. Оның 7-еуі - ТМД аумағында іздеуде жүргендер.
«16 наурыз күні Атбасар аудандық ІІБ криминалды полиция қызметкерлері Жаңа Колутон ауылында Ресей Федерациясының 20 жастағы тұрғынын ұстады. Ол Қорған облысының Кетов ауданы бойынша РФ ҚК-нің 228-бабы 1-бөліміне сәйкес («есірткі затын заңсыз саудалау») іздеуде жүрген.
Қазіргі кезде, қолға түскен шетел азаматы Астрахан аудандық ІІБ уақытша ұстау абақтысына қамалды.
Сонымен қатар, Аршалы ауданы аумағында 57 жастағы өзбекстандық құрықталды. Бұдан бөлек, ресейлік құқық қорғау органдарымен жүргізілген әріптестік тығыз байланыстың нәтижесінде РФ Саратов облысында Жақсы аудандық ІІБ-мен 10 жыл бойы іздеуде болған 35 жастағы қылмыскер, яғни, адам өліміне алып келген жол апатының себепкері ұсталды», деп көрсетілген хабарламада.
Жалпы, жыл басынан бері ақмолалық полицейлер 45 қылмыскерді құрықтады. Оның 10-ны халықаралық іздеуде жүргендер.