Ақмола облысында «Қасиетті домбыра» байқауының жеңімпаздары анықталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында «Қасиетті домбыра» байқауының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық білім басқармасына сілтеме жасап.

Ақмола облысы білім басқармасы, «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігі, «Ақмола дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығымен бірлесіп ұйымдастырған байқау қазақтың өнерін өскелең ұрпаққа, өнер сүйер жұртшылыққа кеңінен насихаттауға, жас таланттар мен шебер орындаушыларды табуға және қолдауға бағытталған.

«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған байқауға Ақкөл, Астрахан, Аршалы, Бұланды, Бурабай, Жақсы, Жарқайың, Зеренді, Есіл, Ерейментау, Целиноград, Қорғалжын аудандарынан, Степногор, Көкшетау қалалары және облыстық мектеп-интернат оқушыларымен қоса алғанда жалпы саны 45 оқушы қатысты», - деді облыстық білім басқармасының баспасөз қызметіндегілер.

Байқауға Біржан сал атындағы музыкалық колледж директоры Саян Мұхамедияр, Шыңғыс Сарсенбай және Жұлдыз Мұқышева қазылық етті. Жеңімпаздар «Үздік күйші», «Үздік дәстүрлі әнші», «Үздік термеші» үш аталымдары екі жас санаты бойынша анықталды.

Қазылар алқасының шешімімен «Үздік күйші» аталымы бойынша Ақкөл ауданының өкілі Мадияр Серікбаев, «Үздік дәстүрлі әнші» аталымында степногорлік Дидар Қабиденов, «Үздік термеші» аталымында Жақсы ауданының өкілі Қазымбек Ұлан жеңімпаз атанды.

Сонымен бірге, қосымша аталымдар бойынша - «Шабыт» аталымы бойынша зеренділік Арсен Тұрсынхан, «Жігер» аталымында Аршалы ауданының өкілі Жанерке Алпысбаева, «Өрлеу» аталымында Степногор қаласындағы дарынды балаларға арналған №4 облыстық мамандандырылған «Болашақ» мектеп-интернатының оқушысы Жабай Жанбота үздік атанды.

Жеңімпаздар бағалы сыйлық және дипломмен марапатталды.