Ақмола облысында Қазақстан халқының бірлігі күні 1 мыңнан астам шара өтті

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - «Қоғамдық келісім» мекемесінің қабырғасында Қазақстан халқының бірлігі күні ерекше форматта өтті. Жыл сайынғы бұқаралық мерекелердің орнына көптеген іс-шаралар онлайн-форматқа көшті және ZОOM платформасында немесе өзге де әлеуметтік желілерде өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірдің ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, мереке қарсаңында Көкшетау техникалық институты мен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенттері үшін бірлік пен толеранттылықтың қазақстандық үлгісін, қазақ мемлекеттілігінің тұрақтылығы мен өркендеуінің басты факторы ретінде «Мәңгілік ел» идеясын қалыптастырудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі туралы дәрістер өткізілді.

«Достық үйі ұлттық тағамдарды сүйетіндер үшін Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінде «үйде бірге әзірлейік» хэштегімен түрлі этностардың ұлттық тағамдарын дайындау бойынша онлайн шеберлік-сыныбын ұйымдастырды. Сондай – ақ, Бурабай ауданының 19 қолөнер шебері «Менің Отаным-Менің Қазақстаным» көрмесін дайындады. Өңір кітапханаларында «Бірлігіміз жарасқан» тақырыптық сағаттар өтті. Мемлекеттік тілді еркін меңгерген өңірдің шығармашыл жастары «Абай оқулары» байқауында Абай шығармаларын жатқа оқып берді», - деді ведомстводан.

«Қоғамдық келісім» мекемесі Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының аккаунттарында ұйымдастырған «Бірлігіміз жарасқан - Тәуелсіз Қазақстан» интернет – акциясы түрлі этнос өкілдерінің өлеңдерді мәнерлеп оқуы мемлекеттік тілдің қажеттілігін тағы да көрсетеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, облыс тұрғындары «Қазақстан – бірлік пен татулық мекені» достық фестивалі, «Біз бір отбасымыз...» онлайн концертті тамашалай алды. Жалпы, бұл күні облыс бойынша еліміздің бірлігі мен қоғамдық келісімін қамтамасыз етуге бағытталған 1000 астам іс-шара өткізілді.

Айта кетейік, мамырдың 1 Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтеді.