Ақмола облысында Кең бидайық ауылының тұрғындары қауiпсiз жерге көшiрiлдi - Төтенше жағдайлар комитетi

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысында Қорғалжын ауданы Кең бидайық ауылының тұрғындары қауiпсiз жерге көшiрiлдi. Бұл туралы бүгiн брифингте ҚР IIМ Төтенше жағдайлар комитетiнiң ресми өкiлi Руслан Иманқұлов мәлiм еттi.

"Ауылды су басу қаупi бар. Дегенмен әлi ешбiр үйге су кiрген жоқ. Алдын ала 12 үйдiң тұрғындары жергiлiктi мектепке көшiрiлдi. Уақытша бөген тұрғызылып, 1 мыңға тарта құм салынған қаптармен қоршау жасалды", - дедi ол.

Оның сөзiне қарағанда, бұл жұмыстарға құтқару бөлiмшелерiнен, жергiлiктi атқарушы органдарынан және өзге де ұйымдардан 135 адам, 6 бiрлiк техника және 2 қайық тартылды.

Жалпы қазiр Ақмола облысында су айдындарының жай-күйiне үздiксiз мониторинг жүргiзiлуде. Құтқару құрылымдарының күштерi мен құралдары жоғары әзiрлiк режимiнде тұр.

"Целиноград ауданының Ағанас ауылында адамдар мен азық-түлiктi тасымалдау ұйымдастырылды. Жол төсемiн қалпына келтiру жұмыстары басталды. Ақмола облысының құтқарушылары тәулiк бойы кезекшiлiк атқаруда.

Талапкер ауылында ерiген қар суын сору жұмыстары жалғасуда. Барлығы 3 980 текше метр су сорылды", - дедi Р. Иманқұлов.