Тәртіптік кеңесте Егіндікөл ауылының әкімі А.Башенов, Атбасар аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясының бөлім басшысы Ж.Балдақов, Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары И.Юрченко, Көкшетау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы мен оның орынбасары И.Әбенов пен Д.Мұхамбетқалиева қатысты тәртіптік істер талқыланды.
Оның ішінде қоғамдық жерде мас күйде жүрген Егіндікөл ауылының әкімі А.Башенов Әдеп кодексінің нормаларын бұзғаны үшін «қатаң сөгіс» түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Ал Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары И.Юрченко, Көкшетау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Илуа Әбенов пен оның орынбасары Д.Мұхамбетқалиеваның тәртіптік жауапкершілікке тартылуына қалалық прокуратура тарапынан қозғалған қылмыстық іс арқау болған. Прокуратура анықтағандай 2015-2017 жылдар аралығында жер телімін ұсынуда көптеген заң бұзушылықтар орын алған. Сол себепті Әдеп кеңесінің мүшелері бір ауыздан үшеуіне де "қызметіне лайық емес" деген ұйғарымға келді.
Сонымен қатар, осындай жаза Атбасар аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясының бөлім басшысы Ж.Балдақовқа да тағайындалды.