Ақмола облысында көктемгі су тасқынының алдын алуға 43 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында көктемгі су тасқынын алдын алу шараларына облыстық бюджеттен 43 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысы бойынша ТЖД басшысы Алекей Советов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Департамент басшысының айтуынша, облыстағы Атбасар, Сандықтау, Астрахан, Зеренді, Шортанды және Целиноград аудандарында су басу қаупі бар. Осы мақсатта аталған аудандар арқылы өтетін Коко, Жабай, Сарықамыс, Талқара, Жыланды, Есіл, Қылшақты, Колутон, Шағалалы, Нұра, Қайрақты, Қызыл су, Жолболды және Бақсұқ өзендері бақылауға алынатын болады.

«Облыстық бюджет  есебінен бөлініп отырған 43 миллион теңгеден астам қаржыға өңірдегі қауіпті аймақтар тікұшақпен бақыланып, ғарыштық мониторингі қызметін алу, өзендердің арналарында жару жұмыстарын жүргізу сияқты және өзге де шаралар жүзеге асырылатын болады», деді А.Советов.

Сонымен қатар, департамент басшысы төтенше жағдайларды алдын алу мен жою шаралары бойынша қалалық және аудандық әкімдіктермен 2017 жылға 100 миллион теңге көлемінде қаржы ескерілген. Облыс қалалары мен аудандарында 14 мың тонна инертті материалдар, 50 мың қап, 149 тоннадан астам жанар-жағар материалдары әзірленгенін атап өтті.

«Төтенше жағдайларға жедел түрде елеу мақсатында азаматтық қорғаныс органдарының, ішкі істер және әскери бөлімдерінің жеке құрамынан 605 адам мен арнайы құралдары, одан басқа да 105 бірлік техника мен 10 бірлік жүзу құралдары жұмылдырылады»,- деді А.Советов.

Оған қоса, департамент жол қызметтерімен бірлесе отырып, облыс автожолдары мен су өткізу нысандарының даярлығын тексеруде.Тасқын мерзіміне дайындық мақсатында ТЖ бойынша Департаменттің аудандық бөлімдері рейдтік шаралар ұйымдастырды. Сондай-ақ халық арасында жеке қоныстарды су басуға жол бермеу бойынша және олардың алдын алу туралы насихат жұмысы жүргізіліп жатыр.