Шараға депутаттық корпус өкілдері, облыстық басқармалар мен департамент, құқық қорғау органдарының басшылары, қоғамдық ұжымдар, ұлттық компания төрағалары, саяси партиялар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Облыс әкімі өз сөзінде: «ҚР Ата заңына жаңашылдықтар енгізу Президенттің бірқатар құзыретін Үкімет пен Парламентке беруге мүмкіндік туғызады. Президент жаңа жағдайда стратегиялық функцияларға, сыртқы саясат мәселелеріне, еліміздің ұлттық және қорғаныс қауіпсіздігі мәселелеріне басымдық беріп, билік тармақтары арасындағы қатынастарда жоғарғы арбитр рөлін атқаратын болады.
Ел Парламентінің дәрежесі артады, сот және прокуратура жүйелерін, жергілікті басқару мен өзін-өзі басқару саласын әрі қарай жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізіледі», - деді.
Атап өтейік, өңірде Президент Әкімшілігінің тапсырмасын орындау мақсатында тұрғындар арасында конституциялық өзгерістерді түсіндіру бойынша іс-шаралардың желілік кестесі мен ақпараттық-насихаттау бойынша медиа-жоспарыжасалынған. Жиында С.Кулагин Елбасының биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы» Жолдауы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының негізінде экономикалық дамудың жаңа моделін құруды қамтамасыз ететіндігін де атап өтті. Күн тәртібіне сәйкес жиналғандарға облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов алдағы реформалардың басымдықтары мен Қазақстанның үшінші жаңғыру жолы туралы баяндама оқыды.
«Ел дамуының тағы бір белесіне шығаратын жаңа реформалардың кезекті жолын анықтаған Мемлекет басшысы азаматтардың өзара сенімі мен түсінігіне иек артады», - деді Н.Нұркенов.
Сондай-ақ басқосуда Ақмола облыстық ауруханасының бас дәрігері, облыстық мәслихат депутаты Серік Аяғанов, Ақмола облыстық «Видергебурт» немістер қоғамының төрағасы Светлана Корнеева, облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы, Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Тимур Ысқақовтар да тақырып бойынша өз пікірлерін білдірді.