Ақмола облысында коронавирусқа шалдығу көрсеткіші 3 есеге төмендеді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында Pfizer шығарған «Комирнати» вакцинасының бірінші компонентімен 2417 адам егілді, оның ішінде 50 жүкті әйел, лактация кезіндегі 550 әйел және 1817 жасөспірім. Бұл туралы Ақмола облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысында COVID-19-ға қарсы вакцинациялауға 133 егу пункті жұмылдырылды. Егу науқаны басталғаннан бері бес вакцинаның бірінші компонентімен 319 321 адам егілді, бұл тиісінше халықтың 66,6 пайызын, ал халықтың жалпы санының 43,4 пайызын құрайды. Вакцинаның екінші компонентін 290 232 адам алды, бұл тиісінше халықтың жалпы санының 60,5 пайызын, халықтың жалпы санының 39,5 пайызын құрады.

«Вакцинациялау арқылы иммунитет алған адамдар санының артуынан коронавирус инфекциясын жұқтырғандар ең көп тіркелген тамыз айымен салыстырғанда, аурушаңдық үш есе төмендеді. Тамызда ол 8334 құрады, қарашада 2458 - ге дейін және желтоқсанда 793-ке дейін төмендеді», - деп атап өтті А.Мусина.

Өңірдің бас санитарлық дәрігерінің айтуынша, коронавирусқа шалдыққандар санының төмендеуіне вакцинацияның күнделікті қарқынының артуы ықпал етті. Мәселен, егер қарашада тәулігіне 400 - ге жуық адам вакцинациядан өтсе, желтоқсанда 1000 жетті.

Бүгінгі таңда облыс Pfizer/BioNTech шығарған «Комирнати» вакцинасының бірінші компонентінің 35100 дозасын алды, 2417 (3,5 пайыз) егілді, оның ішінде 50 жүкті әйел, лактация кезінде 550 әйел және 1817 жасөспірім. Вакцинаға жағымсыз реакциялар тіркелмеген.