Ақмола облысында «Құлагер» байқауының жеңімпаздары анықталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Жаңа жыл қарсаңында Ақмола облысында ақындар, прозашылар және шығармашылықпен айналысатын азаматтар арасында өткен «Құлагер» байқауының жеңімпаздары мен лауреаттары марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шарада аймақ басшысы Ермек Маржықпаевтың атынан облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова құттықтау сөз сөйлеп, жеңімпаздарға ақшалай сертификат тапсырды.

«Облыс әрқашан да таланттарға бай. Биыл өлкеміздің әдебиет және өнер шеберлері қазақстандық руханиятқа өлшеусіз үлес қосты. Байқау жарияланған сәттен бастап бүгінгі күнге 700-ден астам өтінім келіп түсті. Он аталымның әрқайсысы бойынша жеңімпаз анықталды. Болашақта осындай шығармашылық жарыстарды көбірек өткізуді жоспарлап отырмыз», - деді Айна Мысырәлімова.

Байқау ерекше еңбектерін ынталандыруға және тануға, өңірдің әдебиеті мен мәдениетін дамытуға үлкен үлес қосқан шығармашылық адамдар мен ғылыми зиялы қауымға, сондай-ақ олардың жемісті ғылыми, шығармашылық және қоғамдық қызметіне, облыстың мәдени өміріне белсенді қатысқаны үшін және шығармашылықтың барлық жанрлары мен бағыттарында жоғары көркем туындылар жасағаны үшін қолдау көрсетуге бағытталған.

«Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның жетістіктеріне арналған үздік шығарма» аталымы бойынша «Ақмола-Тіршілік» ЖШС директоры Жабал Ерғалиев жеңімпаз атанды.

Ұлттық мәдениетті, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты қайта жаңғыртуға, сақтауға және дамытуға, қазақстандық ұлттық бірегейлікті сақтауға қосқан үлесі үшін Бақыт Смағұл еңбегі атап өтілсе, Мерген Тоқсанбай үздік жас ақын атанды.

Айта кетейік, эпидемиологиялық жағдайға байланысты іс-шара әлеуметтік қашықтық пен санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтай отырып, ықшам форматта өтті.