Ақмола облысында күн ысығалы 30 орман өрті тіркелген

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында өрт қауіпті кезең басталғалы 31 орман және 1 дала өрті, сондай-ақ, 18 шөп өрті тіркелген. Бұл туралы аймақ басшысы Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен әкімдік кеңесінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Иллюстрациялық фото

Веомствоның мәліметінше, кеңесте аймақ басшысы Ермек Маржықпаев, аудан әкімдері мен мемлекеттік органдардың басшылары Абай облысында қаза тапқан орманшыларды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Кеңесте орман және дала өртін алдын алу және оларды дер кезінде сөндіру мәселесі қаралып, талқыланды. Аймақ басшысы өрттің шығу себебі, адамның өмірі мен денсаулығына, табиғат пен жануарлар дүниесіне келтірілетін зияны, экономикалық шығыны жайында сөз қозғады.

Облыстық ТЖД бастығы Нұрлан Атығаевтың айтуынша, өрт қауіпті кезең басталғалы 31 орман және 1 дала өрті, сондай-ақ, 18 шөп өрті тіркелген.

«Биылғы жылы өрт қауіпті кезеңіне 230 техника, 3 өрт-сорғы станциясы, 231 рюкзакты өрт сөндіргіш, 82 мотопомпа және 1130 шапқыш әзірленді. Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау мақсатында 214 адамнан тұратын 56 мобильді топ құрылды», - деді Нұрлан Атығаев.

Кеңес барысында «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында қолданылатын ерте сатыдағы өрт және түтін ошақтарын ерте анықтау әдісінің тиімділігі атап өтілді. Осыған ұқсас қондырғы «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде де пайдаланылатын болады.

Осы ретте, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Әубәкіров атап өткендей, Ақмола орман қорының ауданы 1,1 миллион гектарды құрайды.

«Өрт қаупі кезеңі басталар алдында орман шаруашылығы мекемелерінің осы маусымға дайындығына тексеру жүргізілді. Материалдық-техникалық базасын жарақтандыру үшін 2021 жылы жергілікті бюджет есебінен жалпы сомасы 290 миллион теңгеге 23 техника сатып алынса, 2022 жылы 300 миллион теңгеге 22 техника сатып алынды. Биылғы жылы жабдықпен техника сатып алуға бюджеттік өтінімдер тағы жіберілді. Өрт қаупі жоғары маусым басталардан бұрын 10 мың гектардан астам алқапта шөпті өсімдіктерді жою жұмыстары жүргізілді. Орман өртін болдырмау мақсатында ұзындығы 12,5 шақырым минералданған жолақтар орнатылды», - деді Руслан Әубәкіров.

Кеңесті қорытындылаған аймақ басшысы жергілікті атқарушы органдардың ерікті өртке қарсы құралымдары мен өрт сөндіру бекеттерінің дайындығын қайта тексеру бойынша арнайы жұмыс тобын құруды, өрт техникасымен және мүкәммалмен нашар жабдықталған орманшылықтарға ерекше назар аударуды, табиғи өрттерді, орман шаруашылықтарының штаттық және маусымдық қызметкерлерін сөндіру бойынша оқу-жаттығулар өткізуді, өртті қауіпсіз сөндіру үшін қажетті киім-кешекпен қамтамасыз етуді тапсырды.

Айта кетсек, бұдан бұрын өртенген орманды қалай қалпына келтіруге болатындығы жайында маманның пікірін жариялаған едік.