КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақкөл ауданы прокуратурасының араласуымен құны 678 млн теңге болатын 118,9 га жер – сауықтыру, туристік және спорттық мақсаттар үшін ұзақ мерзімге пайдалануға берілген орман қоры учаскесі мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Учаскелер 2016 жылдан бастап көзделген мақсатта пайдаланбаған, жалдау ақысы төленбеген. Сонымен қатар кәсіпкерлер орман өрті қаупінің жоғары болғанына қарамастан, оның алдын алу бойынша іс-шаралар жүргізбей, өртке қарсы жоспарлар әзірлемеген. Жоғарыда аталған мән-жай аудан прокуратурасының актісі бойынша шарттарды бұзуға негіз болған. Жалпы құны 678 млн теңге болатын 118,9 га жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды», - деді ведомстводан.
Айта кетсек, бұдан бұрын Қосшыда 65 млн теңгенің жер учаскесі мемлекетке қайтарылғанын жазған едік.
Аслан Оспанов
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқыған. Мақалалары республикалық, облыстық және қалалық газеттерде жиі жарияланып келді. «Қазақстан» РТРК» акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалында, «Арқа ажары» газетінде қызмет атқарды. 2014 жылдан бері «KAZINFORM» ХАА-де жұмыс істейді.