Ақмола облысында күзгі дала жұмыстары аяқталуға жақын

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында күзгі дала жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл туралы аймақ басшысы Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжілісте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпан егін орағының жай-жапсары туралы айтты. Оның айтуынша, бүгінгі таңда күзгі дала жұмыстары аяқталуға жақын. Қазір бүкіл дәнді дақылдардың 77,2 пайызы жинап алынған.

«Әр гектардан орта есеппен 10,5 центнерден өнім жиналуда. Астық сапасы жақсы. Бидайдың ұлпасы 25-28 пайызға жетуде. Жекелей алғанда 69 мың гектар майлы дақылдар, 12,5 мың гектар картоп, 3 мың гектар көкөніс алқаптарының өнімі жиналған.

Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда облыс бойынша 1 миллион 100 мың гектар алқаптың дәнді дақылдары артық жиналып отыр. Тәулігіне 200 мың гектар астық бастыру жөніндегі жоспарлы көрсеткіш ойдағыдай орындалуда. Егін орағына 9 мың астық комбайны қатыстырылуда. Үкіметтен 70 мың тонна кепілді жанар-жағар май бөлінген. Астық қабылдау кәсіпорындары 800 мың тонна астық қабылдаса, 533 мың тонна тұқым құйып алынған», деді басқарма басшысы.

Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша, Ақмола облысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту туралы арнайы бағдарлама әзірленуде. Ол жуырда талқыланып, облыстық әкімдікке ұсынылады. Мемлекеттен жоспарланған субсидиялар уақытында келіп түсуде. 

Хабарлама тыңдалғаннан кейін облыс әкімі ауа райының қолайсыздықтарын ескере отырып, жауапты науқанды ширақ жүргізу, сөйтіп, егін орағын уақытында сапалы аяқтауды басты міндет етіп жүктеді.