Ақмола облысында қылмыс көрсеткіші төмендеді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Былтырғы жылдың қорытындысы Ақмола облысында қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 12 пайызға азайды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Ақмола облысы бойынша басқармасы бастығының орынбасары Назар Қапесов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, облыс криминогендік жағдай бойынша республикада 9-орында тұр. Облыстағы қылмыстардың 60 пайызы аудандардың үлесінде, қалған 40-ы Көкшетау және Степногор қалаларына тиесілі.

«Тіркелген құқық бұзушылықтар бойынша Целиноград ауданы көш бастап тұр. Бұл астанаға жақын орналасуына байланысты. Бірақ биылғы жылмен салыстырғанда бұл ауданда қылмыстың 17,2 пайызға төмендегені байқалады. Ал ең аз көрсеткіш Егіндікөл ауданында тіркелген. Бұл ауданда өткен жылы 36 қылмыс қана тіркелді», - деді Назар Қапесов.

Ведомствоның ақпараты бойынша құқық бұзушылықтардың барлық санаттары бойынша оң динамика байқалады. Мысалы, аса ауыр қылмыстар саны – 15,4 пайызға, ауыр қылмыстар саны – 22,3 пайызға, ауырлығы орташа қылмыстар саны – 12 пайызға және онша ауыр емес қылмыстар саны-13,5 пайызға төмендеді.

Құқық бұзушылықтардың жалпы санының төмендеуіне қарамастан, өткен жылы алаяқтықтың 5,1 пайызға өсуі байқалды. Алаяқтықтың көп бөлігі интернетте жасалды. Интернет алаяқтардың негізгі мақсаты электрондық баламадағы ақша қаражаты болып табылады.

«Интернет арқылы алаяқтық қылмыстың өсуіне халықтың одан хабардар болуы себеп болып отыр. Бүгінгі таңда түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр және біз уәкілетті органдарға тиісті ақпарат жіберудеміз», - деп түйіндеді Назар Қапесов.

Айта кетсек, 2021 жылы қылмыстық қол сұғушылықтың нәтижесінде 4 712 азамат зардап шекті, оның ішінде 2 306 әйел және 2 409 ер адам.