«Жалпы, Ақмола облысы бойынша эпидемологиялық жағдай тұрақты. Қызылшаның таралу маусымы қалыпты өтуде. Адамдардың жаппай ауруы тіркелген жоқ. Есесіне кездейсоқ оқиғалар орын алып отыр. Жалпы, облыс бойынша 2018 жылдың 1 қарашасы мен 2019 жылдың 14 қаңтары аралығында қызылша дертін жұқтырған 77 адам тіркелді. Оның 26-сы - 1 жасқа дейін, 26-сы - 1- 14 жас аралығындағылар, жасөспірімдер арасында 2 және ересектер арасында 23 оқиға тіркелді. Ересектер арасында 6 жағдайда медицина қызметкерлерінің (Ақмола облысының көпбейімді ауруханасы 2, Көкшетау қалалық аурханасында 1, Көкшетау қалалық №1 емханасында 3) жұқтырғаны анықталу үстінде)», - деп түсіндірді Ақмола облыстық қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің баспасөз қызметіндегілер.
Ведомствоның дерегі бойынша, қызылшаға қатысты 77 жағдайдың 43 де (Есіл, Аршалы, Зеренді аудандарында - 1 жағдай, Целиноград ауданында - 6 жағдай, Сандықтау ауданында - 23 жағдай және Көкшетау қаласында - 11 жағдай) зертханалық тексеріспен расталды. Оның 91 пайызы - екпе аламағандар. 9 жағдайда қызылша расталмады. 25 жағдайға байланысты тексеріс жүріп жатыр.
«Қазіргі кезде 25 науқас ем қабылдап жатыр. Оның ішінде 18 науқас станционарлық, 7 адам амбулаторлық ем қабылдауда. Жағдайы қанағаттанарлық. Осы күні облыста эпидемияға қарсы және профилактикалық кешенді шаралар жүргізілуде», - деп толықтырды ведомстводан.