Ақмола облысында меценаттар марапатталды

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында меценаттар марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көкшетауда VIII республикалық Азаматтық форум қарсаңында әлеуметтік жобаны жүзеге асыру аясында Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Sara» қоғамдық қоры мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдар мен бизнестің өзара іс-қимылы бойынша облыстық форум өткізді.

«Қазақстан Республикасының азаматтық қоғамын 2025 жылға дейінгі дамыту тұжырымдамасында» қойылған басым мақсаттардың бірі - азаматтық қоғам институттарын және олардың мемлекетпен және бизнес-қоғамдастықпен тең құқықты әріптестігін жан-жақты дамыту», - деді форумда Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева.

Ведомствоның мәліметінше, VIII республикалық Азаматтық форум қарсаңында өңірде бірқатар іс-шаралар өткізілді. Бизнестің әлеуметтік жобаларына қосқан үлесі үшін облыстық «Жомарт жүрек» конкурсының жеңімпаздары белгілі болды, ҮЕҰ құқық қорғау органдарымен бірлесіп, құқықтық қоғам құру туралы келісімге қол жеткізілді.

   Бұл - мемлекет, бизнес және үкіметтік емес ұйымдардың ынтымақтастығын нығайту бойынша жүргізілетін ауқымды жұмыстың бір бөлігі ғана. Бұл жерде әлеуметтік және қоғамдық маңызы бар жобаларды іске асыруда үлгі бола алатындарды көтермелеу маңызды.

Меценаттық қызметтері үшін «Көкше Транс-Альянс» ЖШС директоры Қайрат Құсайынов, Атбасар ауданы Новосел ауылдық округінің әкімі Гүлгүл Мағзұм, Қорғалжын ауданы мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Орал Бейсен, Степногор қаласынан «Aleks-Nour» ЖШС директоры» Александр Накошный, «Kok Su Kz» ЖШС директоры» Сәуле Қасым, LUXOR дүкендер желісінің негізін қалаушы Алена Авраменко, «Cood Cinema» компаниясы, «Бурабай» спорт сарайы және қоғам мен бизнестің белсенді бөлігінің басқа да өкілдері Алғыс хаттармен марапатталды.

«Асар» форумының жұмысы төрт секцияда жалғасты. Форумға қатысушылар ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, IT-мектеп-лицейі, «Бурабай» спорт кешенінде болды. Сондай-ақ, жастар ресурстық орталығында ұйымдастырылған киіз үйді жинау шарасына қатысты. 

Жастар форум аясында «Рухани жаңғыру» және «Цифрлық Қазақстан» бағдарламалары туралы көптеген мағлұматтар алды. ҮЕҰ серіктестері - кәсіпорындар, «ЖК Калишев», «Sara» ҚҚ, «Делай добро, Кокшетау», «Рух-Алдаспан» ҚБ тәрізді өзге де меценаттар халықпен жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді.